


2026 жылғы 30 қаңтарда Петропавл қаласының «№12 орта мектеп» КММ-де «Интерактивті сабақ – оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың құралы» тақырыбында қалалық мастер-класс өтті.
Іс-шара барысында педагогтер бастауыш сынып оқушыларының оқу, математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған интерактивті оқытуды ұйымдастырудың заманауи тәсілдерімен танысты. Қатысушыларға сабақта және сыныптан тыс жұмыстарда тиімді қолдануға болатын практикалық әдіс-тәсілдер, позициялық оқыту элементтері, воркшоптар мен интерактивті тапсырмалар үлгілері ұсынылды.
Интерактивті сабақтың құралдарын тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік берген мастер-класстар мен практикалық тапсырмалар ерекше қызығушылық тудырды.
Мастер-класс педагогикалық тәжірибе алмасуға, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және тиімді білім беру технологияларын оқу тәжірибесіне енгізуге ықпал етті.

Қалалық «Алтын тұлпар» математикалық турнирі
2-4 сынып оқушылары арасында
2025 жылдың 18 - желтоқсан күні «Петропавл қаласы білім бөлімі» КММ мен «Мағжан Жұмабаев атындағы ІТ-мектеп-лицей» КММ бірлесе ұйымдастыруымен 2-4 сынып оқушылары арасында қалалық «Алтын тұлпар» математикалық турнирі өтті. Турнирге қаламыздың қазақ тілді мектептерінен 7 команда қатысты.
Турнирдің мақсаты – математикаға қабілетті балаларды анықтау, оқушыларды логикалық тұрғыдан ойлауға, күрделі есептерді шешуге дағдыландыру. Турнир командалық ауызша және жекелей жазбаша турлардан тұрады. Әр турда оқушыларға шешуді, дәлелдеуді, қисынды ойлауды қажет ететін логикалық тапсырмалар берілді.
Турнирдің қорытындысы бойынша І дәрежелі диплом және ауыспалы «Алтын тұлпар» мүсінімен «Мағжан Жұмабаев атындағы ІТ-мектеп-лицей» КММ оқушыларынан құралған команда Рахман Рахим (2-сынып), Хабдрахим Бейбарыс (3-сынып), Уразбаев Тимур (4-сынып) қанжығасына байлады. ІІ дәрежелі дипломды «С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия» КММ қатысушылары Мұрат Ясмина (2-сынып), Бектасов Санжар (3-сынып), Амангелді Нұрмұхаммед (4-сынып) иеленсе, ІІІ дәрежелі дипломмен «Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы» КММ командасы Қайсарбекова Асылтас (2-сынып), Бисимбаев Алан (3-сынып), Айдар Илияс (4-сынып) марапатталды.
Сонымен қатар турнир барысында жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға грамоталар табысталып, барлық қатысушылар сертификаттарға ие болды. Жеңістің тұғырынан көріне білген оқушыларды жеңісімен құттықтаймыз!
